ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

0
646

Түркістан облыстық балалар ауруханасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптелген тағылымды шара өтті. Мерекелік жиын барысында ақ дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже ұсынылып, ұлттық нақыштағы көріністер ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында алдымен құран бағышталып, ел амандығы мен ұрпақ саулығы тіленді. Бұл – халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғыртып, ізгі дәстүрлерді ұлықтаудың айқын көрінісі болды.

Мерекелік басқосуда аурухана ардагерлері сөз алып, ұжымға ақ баталарын беріп, өткен күндердің өнегелі естеліктерімен бөлісті. Олар жас буынға ізгі тілектерін арнап, бірлік пен татулықтың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Түркістан облыстық балалар ауруханасының басшысы Алтын Досанова ұжым қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Ол Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, жақсылық пен берекенің бастауы екенін айтып, әріптестеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.

Шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, дәстүрлі өнер элементтері көрсетіліп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мұндай мерекелік іс-шаралар ұжым арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға зор үлес қосатыны сөзсіз.

SHYMLIKE.KZ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу