
Киелі Қазығұрт тауының баурайында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз – Қазығұрттан басталған» атты ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиында аудан әкімі Азизхан Исмаилов әз-Наурыз мерекесіне жиналған қадірлі қонақтар мен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Мерекелік бағдарлама барысында елімізге танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет сарайының өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді ұлықтады. Көрермен назарына ұсынылған әсерлі қойылымдар мен тарихи көріністер арқылы қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтары кеңінен насихатталды.

Іс-шара аясында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен таныстырылды. Қонақтар қазақтың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшілік асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды дәстүрлі спорт түрлерін қызыға тамашалады.

Айта кетейік, биылғы мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – бір мезетте 22 бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, олардың жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамдарына ақ жол тілеген ақсақалдар батасын берді. Тағылымы мол бұл рәсім ұлттық дәстүріміздің терең мәнін айшықтап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, мереке аясында қазақтың ұлттық тағамы – ең үлкен құрт дайындалып, жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл игі бастама ұлттық асханамыздың байлығын дәріптеп, мерекенің мазмұнын одан әрі айшықтай түсті.

Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған бұл мерекеде ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, мәдениетіміз кеңінен насихатталды. Қасиетті Қазығұрт төрінде өткен думанды шара халықтың зор ықыласына бөленіп, ел бірлігі мен татулығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Суреттер, Самат Мырзалиевтікі






