ШЫМКЕНТТЕ ЗАҢСЫЗ ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІН САТТЫ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН ЭКС БАСШЫ КӨЗ ЖҰМДЫ

Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз беру ісімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрды деген күдікке ілінген ХҚКО-ның бұрынғы басшысы Жомарт Мурашимов қайтыс болды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі жариялады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек Ж. Мурашимов 18 тамыз күні жұбайымен қысқа мерзімді кездесуде өзін жайсыз сезінген. ҚАЖ департаментіне қарасты № 69 мекеменің медицина қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, айыпталушы Шымкент қалалық № 1 ауруханасына жеткізілген. Жансақтау бөліміне түскен ол 19 тамыз күні сағат 10:45-те қайтыс болды.
Қорғаушы тарап бұл қазаға қатысты наразалығын әлеуметтік желіде бөлісті.
Ж. Мурашимовтың адвокаты Талғат Есімов сотталушы ауруханаға кома жағдайында жеткізілгенін айтып, оның өлімі денсаулығының нашарлағанын дәлелдейтін медициналық құжаттардың ескерілмеуінен болғанын жеткізді.
«Біз бірнеше мәрте сотқа оның денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхат бергенбіз. Медициналық құжаттар ұсынылды. Алайда сот біздің дәлелдерімізді қабылдамай, изолятордың медициналық санитариялық бөлім басшысының «денсаулығы бақылауда» деген мәліметіне сүйенді. Соның салдарынан осындай қайғылы жағдай болды. Енді осы өлімге кім жауап береді», — деп жазды адвокат Facebook парақшасында.





