ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ АРТТЫРАДЫ

Елдегі өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Білім ордаларындағы орын жетіспеушіліктің салдарынан кей мектептер әлі күнге үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Сол себепті Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдауға көңіл бөліп келе жатыр. Бұл қадам орта білімді дағдарыстан шығарама әлде жекеменшік мектептер білімді емес, бизнесті күйттеп жүрме деген алаңдаушылық та жоқ емес. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін жекеменшік мектептер арасындағы бәсекелестікті арттыру қажет екені даусыз. Осы орайда бүгін Шымкент қаласында жекеменшік мектептер жәрмеңкесі өтті.
Қаладағы Көрме орталығына жиналған 20-ға жуық жекеменшік мектептер өз жұмыстары мен жетістіктерін көрсетіп, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Шымкент қаласы білім басқармасы мен «Bilim Mediasy» бірлесе өткізген жиынға басқарма басшысы Гүлназ Сүлейменова арнайы қатысып, көрмеге қатысушы мектептермен танысып өтті.

-Жәрмеңкенің негізгі мақсаты-қаладағы жекеменшік мектептердің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру, ата-аналар мен оқушыларға сапалы білім алуға жаңа балама ұсыну және университет түлектері үшін жекеменшік мектептерде жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыру болды. Бұл ата-анаға таңдау алаңын ұсынып отырған керемет жоба деп ойлаймын. Жекеменшік мектептер көп болғанымен жәрмеңкеге көрсетер жетістігі, ұсына алатын жақсы өнімі бар санаулы мектептер қатысып отыр. Қазіргі кезде мемлекеттік мектептерге де, жекеменшік мектептерге де қолдау бірдей дәрежеде. Жеке-меншік мектептер бәсекелестік туғыза-ды. Бұл орын тапшылығының азаюына ықпал етіп қана қоймай, нарық-та жаңа білім бағдарламасы бар, техно-логиялық мүмкіндігі жоғары, сапа мен білім көрсеткіштерін арттыруды көздейтін жаңа мектептер қатарын көбейтеді. Ал енді бірі озық мектептер үлгісі негізінде мемлекеттік білім ордаларының материалдық базасын нығайтумен қатар, білікті мамандар даярлауға басымдық беру жағын құптайды. Сол себепті де алдағы уақытта мектептерде орын тапшылығы ғана шешіліп қоймай, білім сапасы да аратады деп сенемін,– деді Г.Сүлейменова

Іс-шараға Шымкент қаласындағы бірқатар жекеменшік мектептер қатысты.Соның бірі «JANA DAUIR» мектеп интернаты. Заманауи озық үлгіде салынған ғимарат толықтай жаңа технологиялармен жабдықталған. Мұнда оқушы білім алып қана қоймай сонымен қатар бос уақытын тиімді өткізіп, бес уақыт тамақтанып, қона жатып оқуға мүмкіндік қарастырылған. Аталмыш мектептің 8-ші сынып оқушысы Көркем Нұрланқызы өз мектебін мақтан тұтатындығын айтады.
–Маған өз мектебім ұнайды. Себебі біз мұнда білім алып қана қоймай, бос уақытытмызда үйірмелерге қатыса аламыз, мұғалімдердің көмегімен үй тапсырмасын орындаймыз. Сондай-ақ ас-ауқатымызды да уақытылы ішіп, уақытылы ұйықтап демаламыз. Осының барлығы бір ғимарат ішіне топтастырылған. Бұрын мен тұрған ауданда мектеп болмады. Біз мектепке автобуспен барып, қыста тоңып, жазда ысып жолға қанша уақытымыз кететін. Ал, қазір жылы жерде әрбір минутымыз жоспармен өтеді, – дейді К.Нұрланқызы.

Жиында білім беру ұйымдары өздерінің оқу бағдарламаларын, артықшылықтары мен жаңа бағыттарын таныстырып, ата-аналар мен оқушыларға жан-жақты ақпарат ұсынды.
Жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті туғызуға ықпал ететін болса инвестицияны білім саласына дұрыс жұмсауды трендке айналдыру, үлгі ететін жағдайға жеткізу маңызды. Оқушылардың, мұғалімдердің жетістіктері, әлеуметтік белсенділігі мемлекеттік және жекеменшік мек¬тептердің арасындағы бәсекелестік емес, сапалы білімнің экожүйесіне айналуға тиіс. Ал білім беру ісі бизнес емес, елдің болашағы екенін қаперде ұстайық.





