ПРЕЗИДЕНТ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысының қабылдауында болып, қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берді. Қала әкімінің айтуынша жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құраған. Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард болатын өнім өндірілген. Құрылыс қарқын алып, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылған.
Мегаполисте шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты. Аталған секторда 245 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Мемлекет басшысына есеп беру барысында Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жайында да баяндалды. Жаңа әуежай терминалы салынып, теміржол вокзалы реконструкциядан өткендігі айтылды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп және Оқушылар сарайы пайдалануға беріліп, шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерген.
Жол-көлік инфрақұрылымының дамуына тоқталған қала әкімі Оңтүстік айналма жолы және 2 ірі жолайрық пайдалануға берілгендігін атап өтті.
Президент тапсырмасына сай, активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып,
Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне өткен.
Қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу, қала тұрғындарын баспанамен қамту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Гүлнұр Сүлеймен
Ескерту: Материал көшіріліп басылса сілтеме көрсетілуі тиіс





