КЕЗЕКТІ БАСПАСӨЗ БРИФИНГІ ӨТТІ

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізді. Сәрсен Абайұлы бұл жолы қаладағы инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік, құқық қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті.
Қала әкімінің орынбасары білім саласында атқарылған жұмыстар, елді мекендерді ауыз сумен қамту, төтенше жағдайлардың алдын алу, құқық бұзушылықты төмендету бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

– Қазіргі таңда Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қолжетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын. Жоба 130 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталып, 14 шақырым су құбыры жүргізілді. Жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен атқарылған. Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы, яғни әкімдіктің білім беру гранты 285 орынға бекітіліп отыр,–деді С.Құранбек.

Комиссияның келесі отырысында кадрларды даярлауды іске асыратын жоғары оқу орындарының тізімі нақтыланбақ. Ол үшін жоғары оқу орындарының арасында 7-8 тамыз күндері конкурс өткізіледі. Нәтижесінде, кадрларды даярлауды іске асыратын ЖОО тізімі мен білім беру бағдарламаларының атауы, сондай-ақ, сол бағдарламалар кесіндісінде гранттық орындар саны белгілі болады.
Баспасөз мәжілісінде БАҚ өкілдері архивтерді цифрландыру, еңбекақы төлеу, тағы басқа мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі барлық сауалға және өткен брифингте айтылған мәселелерге де толыққанды жауап берді.
Гүлнұр Сүлеймен





